Қарағанды облысының Костенко шахтасындағы қайғылы апаттың тергеп-тексеру жұмыстарына шетелдік сарапшылар тартылатын болады. Бұл туралы "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Өндіріс орнында іздестіру-құтқару жұмыстары бүгін аяқталды. Үш тәулік ішінде төтеншеліктер 46 адамның денесін алып шықты.
"Алтыншы участокте шебер болып жұмыс істейтін. Сол аймақтағылардың бәрі табылды. Олардың арасында жоқ, үмітті үздік. Жалғыз балам емес, бірақ отбасын асырап отыр еді. Сегіз жылдан бері шахтада жұмыс істейді", - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Семсерхан Шорик.
"Бір тәулік бері осында жүрміз, не істерімізді білмейміз. Әйелімнің інісі 7 жылдан асты шахтада жұмыс істейді. Үш баласы үйде күтіп отыр. Аман шықса екен деп үміттенеміз", – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Думан Қарсенов.
Құтқарушылар Костенко шахтасында үш күннен бері іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған қолайсыз ауа райы қиындық тудырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары кей учаскелерді су басып қалғанын мәлімдеген еді. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған. Оның 206-сы өз бетінше жер үстіне шығып үлгерген. Зардап шеккен тағы 20-дан астам адам қазір ем қабылдап жатыр. Олардың арасында құтқарушылар мен кеншілер бар.
"Арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Төрағасы Әлихан Смайылов болды. Енді сол комиссия жұмысы бойынша экспертиза жасалуы керек. Нәтижесін анықтап, хабарын берміз", – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.
Қарағанды облысының әкімдігі апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасы мүшелерінің тізімін жасауға кіріскен. Олардың әрбіріне Президент тапсырмасы бойынша толыққанды көмек көрсетіледі. Кәсіпорын басшылығы бұған дейін еңбек келісімшартында көрсетілген барлық талап орындалатынын хабарлаған болатын.
"Моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Компания тарапынан бұл жұмыстар неғұрлым жылдам орындалады. Көмір департаментінің тарапынан қаза болған әр қызметшінің отбасына арнайы адам бекітілді. Олар қандай қажеттілік шықса, соның барлығын орындап отырады. Қаржылық шығындарды да компания өз мойнына алды", – деді "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
Қарағандыдағы бұл жолғы жойқын жарылыс - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат. Күнтізбеге көз жүгіртсек, бұған дейін ең үлкен оқыс оқиға 2006 жылы Ленин шахтасында болған. Ол кезде 40-тан астам кенші "қара алтын" қазамын деп қабір жастанып қалған еді. Осы жолғы 46 адамның қазасы да ешкімге оңай тиген жоқ. Қара жамылған отбасылардың барлығына мемлекет тарапынан барынша қолдау берілмек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!