Қостанай облысының Жітіқара қаласында ұзақ жыл қаңырап бос тұрған ғимарат жаңа кейіпке енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті кәсіпкер оны бастан-аяқ жөндеп, балабақшаға айналдырды. Бір ай бұрын ашылған мекемеде мемлекеттік тапсырыс бойынша 85 бала тәрбиеленіп жатыр. Қазір ине-жіптен шыққандай жарқырап отыр. Жергілікті тұрғын Евгений Макаров осы ғимаратты қалпына келтіруге 4 жыл уақытын, 200 миллион тенге ақшасын жұмсаған. Сөйтіп, бұрынғы қирандының орнына балабақша пайда болды.
"Бұл істі бастағаннан кейін аяқсыз қалдыра алмадым. Жақындарыма, жерлестеріме бәрі өз қолымызда екендігін дәлелдегім келді. Алдымызға мақсат қойсақ, айналамызды дұрыстап, жақсартуға болатынын көрсетсем дедім. Сол ойым орындалғандай", - дейді кәсіпкер Евгений Макаров.
Бұл балабақшаға электронды жүйе бойынша тіркеледі. 95 орынға есептелген мектепке дейінгі мекеме қазір толық десе болады.
"Қазір 4 топ бар. Оның екеуі қазақ тілінде тәрбиеленеді. Әр балаға мемлекеттік тапсырысқа сай нормативті қаржы қаралған. Тәрбие, білім беру, қауіпсіздікке қатысты барлық талап сақталған", - дейді балабақша меңгерушісі Инара Хурнова.
Алдағы уақытта мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған топ ашылмақ. Оған кәсіби мамандар іздестіріліп жатыр. Ал түзету терапиясы балабақшада қазірден бар.
"Бұл процедура Томатис терапиясы деп аталады. Дыбыс арқылы ми жұмысын дамыту. Бағдарлама әр балаға жеке таңдалады. Классика, вальс, марштар. Әуен дыбысы мидың Брок аймағына әсер етіп, баланың түсіну, сөйлеу қабілетін жетілдіреді", - дейді логопед-дефектолог Агидель Қабиден.
Шағын қалада 7 балабақша бар. Соның екеуі кәсіпкерлердің қолдауымен іске қосылды. Бизнес пен мемлекет арасындағы әріптестік арқасында бұл ауданда балабақшаға кезек мәселесі толық шешілді десе болады.
"Соңғы жылда кезек біршама азайды. Қазір кезекте тұрған 6 жасқа дейінгі 436 бүлдіршін бар. Жалпы ауданда балалардың 95,7 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған", - дейді Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Зүлфия Орманова.
Соңғы 3 жылда Қостанай өңірінде бизнестің қолдауымен 8 балабақша ашылды. Одан бөлек, мектепке дейінгі білім беретін 2 мемлекеттік мекеме облыс орталығының шағын аудандарында бой көтереді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!