Қостанай облысында Sim-Box құрылғысын пайдалану арқылы заңсыз табыс табуға әрекеттенген 22 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу барысында анықталғандай, Рудный қаласының тұрғыны Telegram арқылы байланысқан белгісіз адамдардың тапсырмасымен Sim-Box құрылғысын, ноутбук, роутер және ұялы байланыс операторларының SIM-карталарын сатып алған. Кейін ол жабдықты іске қосып, үшінші тұлғалардың оған қашықтан қосылуына мүмкіндік берген.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай құрылғылар абоненттік нөмірлердің сәйкестендіру деректерін өзгертуге мүмкіндік береді және көбіне телефон алаяқтығы мен өзге де заңсыз әрекеттерде қолданылады.
"Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Рудный қалалық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 213-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасына кесілді", - делінген ресми хабарламада.
Рудный қаласының прокуратурасы азаматтарды күмәнді «жеңіл табыс» ұсыныстарына алданып қалмауға шақырып, мұндай схемаларға қатысу қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!