Қостанайдағы өрт: Тұрғын өтемақы өндіре алмай жүр

Қостанайдағы өрт: Тұрғын өтемақы өндіре алмай жүр

Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған алапат орман өртінің салдарынан бір сәтте жылдар бойы адал еңбегімен салған қора-қопсысы мен дүние мүлкінен бір сәтте айырылып қалған Аманқарағай ауылының тұрғыны Александр Шулега өзіне тиеселі өтемақыларын ала алмай жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырумен сенделіп жүр деп хабарлайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жердегі бар гәп сол өрт кезінде өртенген мүліктің иесі Александр Шулеганың сол сәтте үйінде болмауы екен. Ол күнделікті күн көрістің қамымен, әрі қысқы жағдайын жасау мақсатында қомақты жалақы ұсынған шаруашылықтың егінін орып, егіс даласында болыпты. Александрдың бұл жұмысы өз ауданында емес, алыста болыпты.
Алыста нәпақа іздеп кеткен Александрға құдайдың өзі болысқан секілді. Олай дейтініміз оның бір сәтте апат аймағына айналған Аманқарағайдағы оның баспанасына тілсіз жау жарты метр келіп ауыздықталыпты. Өкінішке орай, жылдар бойы тыраштанып, адал еңбегімен салған қоршау, қора-қопсы, екі отын сақтайтын қоймасы, жаңадан түсірген қыруар құрылыс материалдары, ауласының қоршауы, пайдаланып отырған дәретханасына дейін қызыл жалын жалмаған.


"Өрт жайында мен кейін білдім. Уақытында келуге мүмкіндігім болмады. Ол кезде орақ науқаны бәрінен маңызды болды. Оның үстіне менің өртенген мүлкім жайында ешкім хабар бермеді. Ал, өтемақы алу жөнінде мүлдем хабарсыз едім. Оның басты себебі, үйімнен алыста болдым. Осы өтемақы бойынша былтырғы қараша айында біліп, жергілікті атқарушы билік орындарына хабарластым. Содан бері бір-біріне сілтеген әкімдіктегі жауапсыз мамандардың кесерінен талай табалдырықты тоздырып келем. Енді осы өртенген мүліктерімді қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде екі миллион теңге қажет. Өздеріңіз білесіздер қазір бәрі қымбат. Өзім маусымдық жұмыста ғана істеймін. Енді бұл қаражатты қайдан алам",- деп налиды салы суға кеткен Александр Шулега.

Бір қызығы, өрт болған алғашқы күндері Аманқарағай ауылдық әкімдігі оның мүлкінің жартылай өртеніп кеткенін растап, зардап шеккендердің тізімінде барын айтқан. Бар қызық Александр Шулега алаңсыз үйіне оралып, сол тізім бойынша өз аты - жөнін іздегенде басталыпты. Өзінің бұл тізімнен тыс қалуын анықтауға тырысқан ауыл тұрғынынаАманқарағай әкімдігіндегі атқамінерлер бар кінәні өзіне аударыпты.


"Ауылдық әкімдік мамандары маған сен қайда болдың? Осы уақытқа дейін ай қарап жүрсің бе? деді. Енді кеш болғанын жеткізді. Осы ақпан айының басында аудан әкім Ерлан Теменовке бардым. Онда менің мүлкімнің өртенгені туралы актісіз тізімге қоса алмайтынын айтты. ТЖД -де менің мүлкімнің өртенгені туралы акт мүлдем болған жоқ. Оларға барғанымда ол өрттен бері талай уақыт өтіп кеткенін алға тарып, акт жасалмайтын ашық айтты. Сол арада орман өртінен мүлкімнің жанып жатқанын дәлелдейтін бейне түсірілімді көрсеттім. Осыны көргеннен кейін ТЖД мамандары менің жанып кеткен қорам мен қоймамның орнына келіп, тексеру жұмыстарын жүргізсе де, қажетті актіні жасаудан бас тартты",- дейді амалы таусылған Александр.

Осы арада баршамызға белгілі бір дерекке тоқтала кетсек. Дәл сол өрт болған күндері Әулиекөл ауданына осы салаға жауап беретін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келіп апталап жатып, жергілікті тұрғындарды сабырға шақырып, өртенген әрбір дәретханаға дейін акт жасалатынын айтқан еді. Енді бұл мәселе қайдан шықты. Сол жасалған акт қайда кетті? Әзірше бұл жұмбақ күйде қалып отыр. Осы орайда аудандық әкімдіктің өз айтары бар екен.


"Жалпы орман өртінен зардап шеккен ауыл тұрғындарының өтініштерін арнайы құрылған өтемақы тағайындайтын комиссия 2022 жылдың 5 қазанына дейін қабылдады. Ал, Александр Шулеганың арызы бойынша аудандық әкімдік қызметкерлері ТЖ департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, өрт болған аумақты қарап шықты. Ашығын айтайын ТЖД өрттің болғаны туралы акт жасау енді қиынға соғады. Өртенген мүліктің орнын қалың қар басып қалған. Бұл мәселенің қалай шешілетіні бойынша біз ештеңе анықтай алмаймыз. Әрі қарай Александрдың мәселесінің қандай да бір шешімін қарастыру үшін біз оны бақылауда ұстаймыз. Қазір заң аясында болатын барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз",- деп қысқа ғана жауап қайырды Әулиекөл ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Қазбек Оразбаев.

Бір кездері халықты сабырға шақырып, өртенген мүлікті жоқтап өксіген халыққа берген уәденің соңы осылай сиыр құйымшақтанып кетеді деп кім ойлаған. Сонымен бұл мәселе қалай шешілмек? Осылай боларына кім кінәлі?


Мешіт Ғазизұлы

Қ. Әбілдәқызы