- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қостанайдағы жағдайдан неге...
"Қостанайдағы жағдайдан неге сабақ алмадық?" Тоқаев жіберілген қателіктер туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жіберілген қателіктер туралы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қзыметіне сілтеме жасап.
"Енді жіберілген қателіктер туралы.
Біріншіден, барлық қажетті тапсырма берілсе де, былтырғы алапат өрттен тиісті қорытынды шығарылмады. Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады.
Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі.
Жалпы, Қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек. Орман өртенді ме, демек оны дереу сөндіруге кірісу керек. Бірақ техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды. Кем дегенде, өртті оқшаулау міндеті қойылуы керек. Бірге жұмыс істеу қажет. Бұл – бүкілхалықтық апат. Роман Васильевич Скляр, айналысыңыз, осы мәселелерді бақылауға алыңыз.
Біз жақында ғана Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық? Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек. Әсіресе, біз ормандар туралы айтып отырмыз. Жалпы, біз ормандарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар.
Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын", - деді ол.
"Екіншіден, орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстары жолға қойылмаған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:
- өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек;
- мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде "ұшқышсыз ұшатын аппараттарды" қолдану жиілігін арттыруы қажет;
- табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізуі керек", - деді ол.
"Үшіншіден, былтыр Қостанайда болған өрт кезінде мен азаматтық қорғау және атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығына тексеру жүргізуді тапсырдым.
Орман және дала өртін сөндіру үшін өртке қарсы техникалық құрал-жабдық қорларын қалыптастыру тапсырылды. Дайындық деңгейі төмен екені анықталды.
Атап айтқанда, материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69 пайыз, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63 пайыз. Жалпы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70 пайыз (Төтенше жағдайлар министрлігі – 75,1 пайыз, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 59,5 пайыз, жергілікті атқарушы органдар – 70,2 пайыз).
Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет.
Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек