Қостанай облысындағы өртті қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек болуы мүмкін, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Экология министрлігі Қостанайдағы тілсіз жаудың табиғатқа келтірген шығынын есептеуге кірісті. Ведомство өкілдері отқа оранған ағаштарды қайта отырғызып, орманды жасыл желекпен көмкеруге қыруар қаражат пен ұзақ уақыт кететінін жеткізді.
"Қостанай облысының мемлекеттік орман қорының ауданы - 1,1 миллион гектар. Оның ішінде, орманмен жабылған ауданы - 270 мың гектар. Қалпына келтіруді біз мамандардан сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Одан кейін ағаштар егіліп қайта қалпына келуге біраз жыл керек. Оны алдағы уақытта есептеп айтамыз. Қазақстан орманды мемлекет емес. Жаңылмасам, еліміздің 5 пайызы орманмен қамтылған", - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.
Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Сондай-ақ 158 түрлі құс мекендеген. Оның 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына еніпті.
Қостанай облысындағы ормандарда мекен ететін жануарлар
Ал тұяқты жануарлардан бұғы, елік, марал, бұлан кездеседі. Өрт күш алғанда қашып үлгермей қырылып қалған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз. Қазір орманда жалын әлі толық ауыздықталған жоқ. Мамандар қазір аумақты күл-қоқыстан толық тазартуға тиіс. Сосын ағаштарды қайта отырғызу жұмысы жүргізіледі. Экобелсенділер тал-теректің өсуіне кемі 15 жыл керек деп отыр. Ал табиғатқа келтірілген залалды толығымен қайта қалпына келтіруге бір ғасырға жуық уақыт кететінін жасырмайды.
"Негізі, орманды қалпына келтіруге көп жыл керек. Осындай ағаштардың өсуі оннан он бес жылға дейін. Жалпы, экожүйеге сүйенсек, орманды қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек. Әрине, табиғатқа өте үлкен зардабы келді. Жыл сайын орман өртінің салдарынан фаунаның бүкіл әлемде 50 пайызы өліп жатады. Кез келген орман өрті 90 пайыз адамдардың себебінен туындайды. Бұл қарапайым техникалық ережелерді сақтамаудан", - дейді эко-белсенді Сәкен Ділдахмет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!