- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанайда зейнеткерлердің есін...
Қостанайда зейнеткерлердің есін шығарып алдаған студент сотталуы мүмкін
Қостанайдағы №2 сотта жәбірленуші 7 адамның ісі қаралып жатыр. Олардың бәрі егде жастағы тұрғындар. Ең үлкені 94 жаста. Олардың бәріне алаяқ бірнеше ай бұрын үй телефонына қоңырау шалып, жақындары қайғылы жағдайға тап болғаны туралы, жол апатына түскені туралы айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі alau.kz сайтына сілтеме жасап.
"Әйел адам хабарласып, жақын туыстары екенін айтқан. Бірде қызы болып, бірде немересі болып хабарласқан. Артынша телефонды ер адам алып, ол өзін полиция қызметкері немесе тергеуші ретінде таныстырып отырған", - дейді судья Сатыбалды Оразбай.
Бұл іс бойынша айыпталушы бір ғана адам. Ол Қостанайдағы университеттің бірінде екінші курста оқиды. Жігіт психидиспансер мен наркологиядағы есептерде тұрмайды, оқудан бос кезінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген.
Енді ол зейнеткерлердің есін шығарып хабарласып, туысы қайғылы жағдайға тап болғанын айтып, сол үшін үйлерінен ақша алып кетіп жүргені үшін айыпталып отыр. Жәбірленушілердің сөзінше, сома да аз болмаған.
Іс материалдары бойынша, айыпталушы зейнеткерлерден алған ақшаның тек белгілі бір пайызын ғана алып отырған. Қалған соманы істі тапсырған адамдарға берген.
Алайда сотта тек бір ғана айыпталушы болып отыр. Қылмыстық кодекске сәйкес, ол мұндай қылмыс жасағаны үшін 14 миллион теңге айыппұл арқалап немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина