- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанайда сақалды құрылыстар...
Қостанайда сақалды құрылыстар көбейіп тұр
Қостанай облысында да жылдар бойы бітпей сақалды құрылысқа айналған нысандар баршылық. Олардың жұмысының соңы бір-бірін сотқа сүйреумен аяқталуда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәйкесінше құрылыс жұмыстарының біту уақыты да созылып барады. Бүгін Қостанайда тұрғындардың ғана емес билік басындағылардың бас ауруына айналған тұрғын үй құрылысы тақырыбы талқыланған жиында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бұл істерге қашан нүкте қойылатын айтты. Айтпақшы бұл алқалы басқосуға облыс әкімі Құмар Ақсақалов төрағалық етті.
Қостанай қаласының әкімі Марат Қонысбайұлы пікіріне сүйенсек, сақалды құрылыстың алғашқысы 2023 жылдың мамырында аяқталмақ. Оның сыртында Қонай кентінде бір көпқабатты үй салынса, осы араға тағы 10 көпқабатты үйді Алматы қаласында тіркелген "Регалит" ЖШС мердігергерлік компания салмақ. Оның аяқталу мерзімі 2024 жылдың тамызы деп жоспарланып отыр.
"Осы арада көңілге күмән тудыратын сәттер баршылық. Себебі, дәл осы "Регалит" ЖШС Қостанай облысы бойынша 11 көпқабатты тұрғын үйлерді салу бойнша тендерді ұтып алды. Солардың алғашқысы Қобыланды батыр даңғылында орналасқан тұрғын үй болатын. Ол келісім шарт бойынша шілде айында бұл үй ел игілігне берілуі тиіс еді. Бірақ, құрылыс жұмыстары әлі созылып жатыр. Оның сыртында "Әуежай" шағын ауданында тағы үш үйді "Нұркапстройгаз" ЖШС салып жатыр. Келісім бойынша осы бірінші жартыжылдықта біз бір үйді, жыл аяғына дейін қалған екеуін жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап бізде құрылысы жыр болып келе жатқан "Юбилейный" шағын ауданында салынып жатқан жалға берілетін үйдің құрылысына жан бітеді. Оны биыл аяқтаймыз. Ал "Береке" шағын ауданында 15 үй бар, барлық нысандарды жыл соңына дейін аяқтауға ниетті. Жақында біз "Ақтөбе-Сәулет" ЖШС-мен 12 үй бойынша шартты бұзып, олардан 1,1 млрд теңге тұрақсыздық бойынша өтемақыны өндіріп алғанымызды атап өткім келеді. Осыған байланысты "Регалит" ЖШС-нің бөлінген қаражатты игермей қалу қаупін сейілту мақсатында "Береке" шағын ауданында алты жобаны әзірлеуге қаражатты қайта бөліп, онда 144 және 60 пәтерлі екі жалға берілетін үйдің құрылысын бастауды сұраймыз. Қала шетіндегі Қонай кентіндегі салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарының қарқыны көңілден шықпай отыр. Мәселен, ол үйдің шатыры жабылмаған, жылуға қосылмаған, ішкі сылақ жұмыстары туралы айту тіптен ұят шығар. Біз алдымен осы құрылысты салушы "Регалит" ЖШС-нің жұмысының сапасын қарастырамыз. Содан кейін осы үйлерді қаржыландыру туралы шешім қабылдаймыз",- деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Бір қызығы, Қостанай облысындағы сақалды құрылысқа айналып, талайды толғандырған мәселелердің басым бөлігі облыс орталығына тиеселі болып отыр.
"Бұл мәселелердің туындауына тұрғын үй салатын мердігерлердің басқа өңірлерден болуы мәселені ушықтырып отыр. Сондықтан қала әкімі тез арада шешуі керек. Бітпей жатқан баспаналарлың артында осы үйлерді күтіп, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген қаншама жерлестеріміздің көз жасы жатқанын ұмытпайық",- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Мешіт Ғазизұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы