Қостанайда пошта тасушы зейнеткерлердің атына 2,3 млн теңге несие рәсімдеген

Қостанайда зейнеткерлердің атына 2,3 млн теңге несие рәсімдеген пошта тасушы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олардың сенімін пайдалана отырып, қаскүнем оңай жолмен пайда тапқысы келген. Күдікті зейнеткерлерден хатты алғанын растау үшін, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын алу тәртібін жеңілдету деген желеумен суретке түсу керек деп, өзінің алаяқтық схемасын іске асырып отырған. Содан кейін мобильді қосымшалардың көмегімен алаяқ жәбірленушілердің атынан несиелер рәсімдеген.

Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде Қостанай ауданының бес зейнеткері алаяқтықтың құрбаны болды. Мәселен, екі зардап шегушінің әрқайсысына 1 млн теңгеден кредит, ал қалғандарының атынан шағын несие рәсімдеген. Жалпы материалдық шығын 2,3 млн теңгеден асты.

Алаяқтықтың бірнеше эпизодтары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, істі сотқа жіберді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!