Қостанайда жоспарланған урологиялық операциядан кейін комаға түскен үш жасар бала қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бала 21 қаңтарда таңғы сағат 11.00 шамасында қайтыс болған. Қайғылы хабарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
"Жүргізіліп жатқан ем-домға қарамастан, операциядан кейін комаға түскен бала қайтыс болды. Медицина қызметкерлері, Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасының ұжымы баланың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 15 желтоқсанда 4 балаға жоспарлы ота жасалған болатын. Барлығына да анестезия пайдаланылған. Ота сәтті өткен. Бірақ балалар екі сағаттан асса да есін жимаған. Ал бірнеше сағат өткен соң балалардың дене қызуы көтерілген.
Кешке қарай үш жасар Әмірдің тыныс алуы қиындап, оған бірден реанимациялық шаралар жасалған. Артынан жансақтау бөліміне түскен.
Ата-аналар анестезияға реакция болуы мүмкін деген болжам жасады. Барлық инъекцияны бір ампуладан жасаған.
Әмірдің әкесі денсаулық сақтау басқармасына арыз түсіріп, прокуратураға шағым жазған.
Дәрінің сараптамасы әлі аяқталған жоқ. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, оны жаңа туған нәрестелерге де еккен. Бірақ бұған дейін мұндай реакция болмаған. Дәріні артығымен салу фдерегі де анықталмады.
Әмір осы уақытқа дейін жансақтау бөлімінде жатып, есін жимай, кеше қайтыс болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!