Қостанай облысының екі тұрғынынан 4 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметовтың айтуынша, жедел-іздестіру шаралары барысында жалдамалы пәтерде облыс орталығының 21 және 22 жастағы екі тұрғыны ұсталған. Пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері төрт келіден аса А-PVP есірткісін тәркіледі.
Сонымен қатар, электрон таразылар, 240 шағын-магниттер, электр таспасы, фольга және есірткіні орауға арналған басқа да құрылғылар табылды. Аса ірі мөлшерде алынған синтетикалық есірткі партиясының құны қара нарықта шамамен 100 миллион теңге болады.
"Бұл партияда 15 мыңнан аса доза бар. Қазір күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша соталды тергеуді бастады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қостанай облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері заңсыз айналымнан 328 келі түрлі есірткі тәркіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!