Қостанайда сот дәрігер Антон Кистановқа жұдырық ала жүгірген Аблайхан Саренжеповті қамауға алуға санкция берді. Күдікті алдағы екі ай уақытын қамауда өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Наша Газета" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 34 жастағы Саренжепов – Қостанай облысында туған, қазір Ақмола облысында тұрады. Бұған дейін бірнеше рет сотты болған. Ол сотта ата-анасының ауырып жүргенін және кішкентай балалары бар екенін айтқан.
Тергеу Саренжеповті 17 қыркүйекке дейін қамауда ұстауға өтініш білдірген. Тергеу судьясы Батырбек Құдабаев бұл өтінішті қанағаттандырды.
"Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға қатысты уәж келтіре отырып, судья Құдабаев күдіктінің бұрын сотты болғанын, бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын және бой тасалауы мүмкін екенін айтты", – деп жазды басылым.
Тергеу сотының қаулысына үш күн ішінде шағымдануға болады.
Еске салайық, оқиға 17 маусымда Қостанай облыстық ауруханасында болған. Аурухана мәліметінше, науқас дәрігерді күтіп отырған, ал ол уақытта хирург операцияда болған. Дәрігер оралған сәтте ер адам кезегін күтуден бас тартып, оған жұдырық ала жүгірген. Хирург есінен танып қалған, ол ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған.
Жапа шеккен дәрігер – уролог Антон Кистанов, ол облыстық ауруханада 6 жылдан бері жұмыс істейді. Дәрігер жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуының ауыр түрін және басқа да жарақаттар алған. Оны әрі қарай емдеу үшін Астанаға санитарлық авиация арқылы жеткізу туралы шешім қабылданған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек