- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанайда бөгет салуға...
Қостанайда бөгет салуға бөлінген қаржыны жымқырғандар сотталды
Қостанайда бөгет салуға бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталғандарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Жанкелдин аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы, сараптамалық фирманың өкілі және құрылыс жұмыстарын жүргізген серіктестік директоры жауапкершілікке тартылды. Айыптау актісіне сәйкес, олар 81 миллион теңгені қолды қылған. Бөгет Шилі ауылында 2020 жылы тұрғызылды. Сол кезде құрылысқа 200 милиион теңге бөлінген. Көктемгі тасқын кезінде сапасыз салынған гидротехникалық нысан жырылып, су толық шайып кетті. Айыпталушылар атқарылмаған жұмысты көрсетіп, бюджет қаржысын талан-таражға салған. Олардың қылмыстық іс-әрекеттері толық дәлелденді. Сот шешімімен сараптамалық фирманың өкілі мен құрылыс компаниясының басшысы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Жанкелдин аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
"Ірі көлемде қаржы ұрланды. Бұл ауыр қылмысқа жатады. Топ адаммен алдын ала келісіліп жасалған. Және келтірілген шығын әлі өтелген жоқ. Сондықтан Алин мен Дүйсембаевқа бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал Әміровтің ісі қылмыстың жеңіл түріне жатады. Ол ақша ұрлығына қатыспаған. Алайда қызметтегі немқұрайлығы үшін жауапты. Бәрін елеп-екшей келе, қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткендіктен Әміровты біз босаттық", - дейді Қостанай қалалық сотының судьясы Сатыбалды Оразбай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина