Қостанайда балкондағы өртке байланысты екі қабатты үйдің тұрғындары эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өрт сөндірушілер 86 жастағы зейнеткерді құтқарып алған сәттің кадрларын жариялады. Балкондағы өрт салдарынан үйдің тұрғындары эвакуацияланған, ал егде жастағы әйел түтінге оранған подъезден өз бетімен шыға алмай қалған.
Екі қабатты үйдің екінші қабатындағы балконды балалар өртеп жібергені белгілі болды. 7 және 8 жастағы ұл мен қыз оттық алып, от жаққан.
"2016 және 2017 жылы туған екі баланы құтқарушылар келгенге дейін көршісі құтқарды. Олар ересектердің қарауынсыз қалған. Әже (зейнеткер) басқа тұрғындармен бірге эвакуациялана алмады. Оны төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері құтқарды", - деп хабарлады Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аумағы шағын болғанымен, өрттің одан әрі қаупі болған.
Ресми мәлімет бойынша, қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын: балалар шынымен де қараусыз қалды ма, жоқ па, соны анықтайды. Бұл факті расталса, ата-аналар жазалануы мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!