Қостанайда автокөлікті айдап әкету үшін екі жігіт эвакуатор шақыртты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 және 22 жастағы екі жігіт Бородина көшесінің бойында тұрған "ВАЗ-2115" автокөлігін айдап әкетуді жоспарлаған. Ол үшін екі дос жеке эвакуаторды жалдады.
"Эвакуатордың жүргізушісі уақытында барып, 4 мың теңгеге автокөлікті керек жеріне жеткізген. Тапсырыс берушілер айдап әкеткен көлікті Затобольск ауылына дейін жеткізіп, иесіз қалған үйдің жанына түсіріп кетуді сұраған. Жүргізуші келісімшарттың талабын орындап, кері қайтыпты", - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Бұл кезде көліктің 22 жастағы иесі полицейлерге арызданып, көлікті іздеу шаралары қолға алынған. Мамандар ұрылардың кім екенін анықтап, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.