SCAT әуекомпаниясының қызметкері аутизм диагнозы қойылған баланы ұшақ бортына жібермеген. Салдарынан отбасы Түркияға демалуға бара алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақпарат "Мой ребенок" Instagram-парақшасында пайда болды.
"Әуекомпанияның қызметкері рейске отырғызу кезінде отбасымның барлық мүшесін бортқа кіргізбеді, ол менің кенже қызымның аутизмге шалдыққанын және ұшақ мұндай диагнозы бар адамдарды тасымалдауға арналмағанын айтты. Осылайша, біз жоспарланған Түркияға ұша алмадық, отбасылық демалысымыз бұзылды, уақыт пен ақша босқа кетті", - делінген ер адамның жазбасында.
Қыздың әкесі бұған дейін мұндай мәселе болмағанын айтады. Ер адам әуекомпаниядан 1 миллион 90 мың теңге көлеміндегі тур шығынын, сондай-ақ, 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеуді талап етті.
SCAT әуекомпаниясы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Жолаушыларымыздың мұндай жағдайға тап болғанына қатты өкінеміз. Әуекомпания кешірім сұрап, басқа қолайлы күндерде демалу мүмкіндігін ұсынды. Қызметкерге қатысты қатаң шаралар қолданылды", - деп түсіндірді тасымалдаушы компания өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!