- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жедел жәрдем
Қостанайда анасы қайтыс болғанын естіген екі әйел фельдшерді ұрып тастаған
Қостанайда жедел жәрдем фельдшері Әнел Баймұрзина шақырту кезінде соққыға жығылды. Медицина қызметкері ауруханадан бірақ шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі alau.kz-ке сілтеме жасап.
Фельдшердің айтуынша, оқиға түнгі ауысымда болған. Ентігу мен жүрекке байланысты шағым айтқан тұрғыннан шақырту түскен.
"Біз шақырту түскен мекенжайға келдік. Бізді бірден агрессивті түрде қарсы алды. Өз жұмысымызды бастап, алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Бірақ науқастың қыздары бізге кедергі жасап, егер бірдеңе істесек, бізді қарғайтынын, түрмеге отырғызатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетті. Кейін науқастың тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтады, біз реанимациялық шаралар жүргізе бастадық. 30 минут бойы тырысқанымызбен реанимациялық шарадан нәтиже болмады. Біз көңіл айттық. Сол сәтте олар маған тап беріп, тепкілеп, шашымнан тартып, ұра бастады. Екінші фельдшер мен жүргізуші мені олардан қорғауға тырысты", - деді фельдшер.
Жедел жәрдем жүргізушісі қарсы пәтерге жүгіріп, көршілерден полиция шақыруды өтінген.
"Осы уақыт аралығында мені шашымнан тартып, соққыға жықты. Кейін көршінің өзі көмекке келіп, мені сол әйелдің қолынан құтқарып қалды", - деді фельдшер Әнел Баймұрзина.
Фельдшердің айтуынша, оның миы шайқалып, самайында гематома пайда болып, бетінде түрлі жарақат алған. Қыз ауруханаға жатқызылып, артынша полицияға шағым түсірген.
"Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен медициналық қызметкерлер арасында жанжал болғаны анықталды, сол жанжал барысында 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақатын салған", - деп хабарлады Қостанай облысы ПД.
Полиция тергеу бастады, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина