- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанайда әлем чемпионы...
Қостанайда әлем чемпионы тиын санап жан бағып жүр
Осыдан бірер жыл бұрын қостанайлық Юлия Зеленская полиатлоннан әлем чемпионы атанып келгенде, жарыса сүйінші сұрағандардың қатары көп болғаны жасырын емес. Бір сәтте тұтас елдің "қаһарманына" айналған спортшы бұл күнде тиын санап күн көруге мәжбүр болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының мүшесі, облыстағы іргелі оқу орны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде бас жаттықтырушы қызметін атқарып келген әлем чемпионы Юлияның дәл осындай күйге түсуіне ана атанып, декреттік демалысқа шығуы себеп болып отыр.
Енді мәселені әрмен тарқататын болсақ, бұл күнде жалғызбасты ана, полиатлоннан әлем чемпионы Юлия Зеленская бала күтіміне байланысты мемлекеттен берілетін ай сайынғы 33 мың 500 теңгесіне өмірге жаңа келген нәрестесі екеуі жан бағуға мәжбүр болып отыр. Қазір ол жалғыз жан баға алмағандықтан, ата-анасының үйіне көшіп барып, соларға алақан жаюдан басқа амалы қалмапты.
"Мен әлемдік бәсекеде чемпион атанып келгеннен бастап жалақыма қосымша үстемеақы қосылды. Оны маған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан төледі. Басында 70 мың теңге болатын бұл көтерме қаражат кейін екі есе өсіп, қомақты қаражат болды. Мен декреттік демалысқа шыққанда осы қосымша қаражаттар қосылып, есептелмей отыр. Жәрдемақы төлейтін жерге барып едім мұнда менің тек таза еңбек ақым ғана есепке алынғанын айтты. Енді не істеймін, сәбиіміз екеуміз осы 33 мың 500 теңгені есеппен жұмсап бір айға жеткізу керек. Басқа амал жоқ", - дейді Юлия Зеленская.
Бұл мәселеге қатысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері пікір білдірді.
"2019 жылы әлемдік жарыстың ең биік тұғырынан көрінген Юлия бекітілген ережеге сәйкес мемлекет тарапынан берілетін сыйақыны алып келіпті. Екі жылдан кейін осы нәтижесін қайталаса, спортшы қызға үстемеақы үзбей төлеуге болатын екен. Бірақ, әлемді шарпыған пандемияның кесерінен барлық жарыстар тоқтаған. Ал, спортшылар болса қол қусырып қарап отыруға мәжбүр болыпты. Юлия қарап жатпай жаттығуын жалғастырып, 2021 жылы ел чемпионатында топ жарып, әлемдік жарысқа жолдама алған. Осы арада әлем чемпионы жүкті болып, аналық өмірге қадам басады. Осыдан кейін спортшының сыйақысы бірден үш есеге азайып 50 мың теңгеге түскен. Өмірге бала әкелген соң ол қаражатты да төлеу мүлдем тоқтатылған", - дейді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, бұл мәселе жақында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен өңірдің спорт саласын қаузаған алқа жиында қатаң сынға алынған болатын.
Мешіт Ғазизұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz