- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанайда 4 адамның...
Қостанайда 4 адамның өлімін жалмаған жарылыстың себебі анықталды
Бас прокуратура өкілдері Қостанай облысындағы оқ сататын дүкеннен шыққан жарылыстың себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас прокуратура биыл 3 қыркүйекте Қостанай қаласында болған "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.
Өрт салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның төртеуі қайтыс болған еді. Олардың барлығы дүкеннің жұмыскерлері болған. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды.
Тергеу барысында дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан "Сокол" маркалы 40 килограмм оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алғаны анықталды.
Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс орын алған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған.
Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы болды, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина