Қостанайда 2 млрд теңгеге салынған жағалау бір қысқа төтеп бере алмады

Қостанайда 2 млрд теңгеге салынған жағалау бір қысқа төтеп бере алмады
Фото: Tengrinews.kz

Қостанайда 2 миллиард теңгеге салынып жатқан жағалау жөндеуді қажет етіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тобыл өзені бойындағы құрылысы аяқталмаған жағалау қыстан аман шықпады. Қоршау бойында төселген тастары опырылып, ал кейбір жерінде кірпіштер дұрыс қойылмағандай көрінеді.

Нысан асығыс салынғандай көрінеді, кірпіштердің арасында саңылаулар да байқалады, ал кейбір жерлерде қабырға құлай бастаған.

"Жағалау құдды бес жыл тұрғандай. Төселген тастар шөгіп кеткен, жағдайы өте нашар. Жұмыс өте сапасыз орындалған. Мұнда қалай серуендейсің, болашағы қандай? Алда жаз келе жатыр, адамдар бұл жерден не көреді? Бірінші жағалау да дұрыс салынбаған", – дейді жергілікті тұрғын Есения Карпухина.

ТҮКШ бөлімі мәліметінше, алматылық мердігер нысанды былтыр қарашада тапсыруы керек болған. Жоба құны 2 миллиард 13 миллион теңге болады. Бұл сома жағалаудың құрылысы мен 12 балалар-спорт алаңын салуға бөлінген. Нысан әлі қабылданбаған, ал мердігер анықталған ақауларды бір ай ішінде жоюға міндетті.

Tengrinews.kz

"Тастың бір бөлігі қыс мезгілінде төселгендіктен, күн жылыған кезде кей бөлігі шөгіп кеткен. Оның көлемі абаттандырудың жалпы ауданының 10 пайызына жетеді. Бұл жобаның шарттық міндеттемелері 2024 жылғы қарашада аяқталды, мердігерге барлық ақау мен мәселені бір ай ішінде жою тапсырылды", – деді Қостанай әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жағалау құрылысы 95 пайызға аяқталған. Нысанның кепілдік мерзімі – үш жыл.

Ресми деректерге сәйкес болашақта басқа мердігер саябақты абаттандыру, жарықтандыру және суару жүйесін орнату жұмыстарымен айналысады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget