Қостанай вокзалында шу шығарған жас жігіт 20 тәулікке қамалды

Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалын патрульдеу барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған 19 жастағы қала тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тексеру барысында жас жігіттің вокзал қызметкеріне балағат сөздер айтқаны анықталды. Сондай-ақ ол полицияға жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талаптарын орындамаған.

Ұсталған азамат ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қостанай қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен құқықбұзушыға 20 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!