Қостанай облысының тұрғыны оңай ақша табамын деп сотталды

Қостанай облысында Sim Box құрылғысын пайдалану арқылы заңсыз табыс табуға әрекет жасаған 22 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Рудный қаласының тұрғыны Telegram арқылы байланысқа шыққан белгісіз адамдардың тапсырмасымен Sim Box құрылғысын, ноутбук, роутер және ұялы байланыс операторларының SIM карталарын сатып алған. Кейін ол жабдықты іске қосып, үшінші тұлғалар оған қашықтан қосылуына мүмкіндік берген.

Прокуратураның мәліметінше, мұндай құрылғылар абоненттік нөмірлердің сәйкестендіру дерегін өзгертуге мүмкіндік береді және көбіне телефон алаяқтығы мен өзге де заңсыз әрекеттерде қолданылады.

"Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Рудный қалалық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 213-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді", - деп жазылған хабарламада.

Қызық жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!