Қостанай облысының әр алпысыншы тұрғыны қатерлі ісікке шалдыққан

Бұл мәселе жаңадан тағайындалған облыс әкімі Құмар Ақсақаловты да алаңдатып отыр. Осыған байланысты облыс тұрғындарына онкологиялық дертпен күресуде қандай көмек ұйымдастырылып жатқаны туралы егжей-тегжейімен талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят ақпанның соңғы күні өткен министрлер кабинетінің жиналысында келтірілген деректерге тоқталсақ, Қостанай облысының тұрғындары арасында қатерлі ісікке шалдығып, қайтыс болғандардың үлесі республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары болса, осы аты жаман дертті ерте анықтау жағынан да ақсап тұр екен. Еліміздегі көрсеткіштен 5 пайызға төмендеп кеткен. Осы орайда аталмыш мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаевтың пікірін білген едік.

"Қазіргі таңдағы деректер бойынша, өңірдің 13 832 тұрғыны әртүрлі қатерлі ісік ауруларына шалдыққандықтан емдеу мекемелерінің есебіне қойылған. Тек, былтырдың өзінде екі жарым мыңнан астам науқастан осы ауру анықталып, емдеу шаралары жүріп жатыр. Көңілге үміт сыйлайтын тұстары да баршылық. Солардың бірі – былтыр өлім-жітім көрсеткішінің 4 пайызға төмендегені байқалады. Өкінішке орай, оның есесіне облыстың жекелеген аудандарында ауру саны күн санап өсіп келеді. Мәселен, Амангелді ауданы алдыңғы қатарда болса, Алтынсарин және Ұзынкөл аудандарында – 33,3 пайыз, Әулиекөл 30,4 пайызға артып отыр. Тұрғындар арасында ең жиі кездесетін аурулар - тоқ ішек, сүт безі және өкпе ісігі белең алып тұр. Өкінішке орай өкпе, ішек, асқазанның қатерлі ісіктеріне шалдыққан науқастар арасында адам өлімі көш бастап тұр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.


Осынау аты жаман дерттің өңір тұрғындары арасында ушығып кетуінің өзіндік себептері бар екен. Ол қажетті маман дәрігерлердің тапшылығы. Қазір Қостанай жерінде небәрі 19 онколог-дәрігер қызмет етіп жүр. 12 дәрігердің жұмыс орны бос тұр.

Мешіт Ғазизұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!