Қостанай облысындағы Бағаналы ауылының тұрғындары өрттің елді мекенге өту қаупіне байланысты эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жел күшеюіне байланысты өрттің орман алқабынан Бағаналы ауылына өту қаупіне байланысты Бағаналы ауылын басқа учаскелерден қорғауға күштер мен құралдарды қайта бағыттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына тұрғындарды көшіріп жатыр (халық саны - 351 адам, 111 аула), оқиға орнында ТЖМ 10 техника және жеке құрамның 52 адамы, 4 әуе кемесі (ТЖМ - 3, Қорғаныс министрлігі - 1), ЖАО-дан 5 техника, 14 адам, Қорғаныс министрлігінен 9 техника, Ұлттық ұланнан 400 адам жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, өрт бес учаскеде - Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында, орман аймағында сөндіріліп жатыр. Оның жиегінің жалпы ұзындығы - 5 шақырым. Барлығы 91 тұрғын үй зардап шеккен, оның ішінде 85 үй Аманқарағай ауылында және 6 үй Озерный ауылында.
Өрт сөндіруге қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ІІМ жеке құрамынан қосымша 300 адам тартылған.
Өрт салдарынан 10 адам (5 қарапайым адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа дәрежеде жарақат алған, оның ішінде күйік шалған, уланғандар бар, сонымен қатар, 1935 жылы туған бір адам қаза тапқан.
Өрт сөндіру басталғаннан бері 93 рет су шашылған.
4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Орман шаруашылығының жалпы ауданы - 107 257 гектар. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Озерное селосынан (250 адам), Аманқарағай селосының солтүстік бөлігінен (1000 адам), Калинино селосынан (228 адам) және Лесное селосынан (363 адам) 1841 адам эвакуацияланған.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырған, эвакопунктерде 66 адам бар, қалғандары өз үйлеріне немесе туысқандарына кеткен.
Новонеженка ауылында ТЖМ 52859 әскери бөлімінің күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін шатырлар тігілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!