Қостанай облысындағы ормандарда мекен ететін жануарлар

Қостанай облысындағы орман өрті үш күннен бері ауыздықталмай жатыр. Massaget.kz тілшісі өңірдегі ормандарда қандай тіршілік иелері мекендейтінін баяндайды.

Облыстың солтүстік бөлігінде қара топырақтар басым, оларда көктерек пен қайың қазықтар, қарағайлы ормандар бар. Ал оңтүстіктегі кей жерлерде ұсақ қарағайлы ормандар бар.

Қостанай облысындағы ормандарда жыртқыш аңдардан қасқыр мен сілеусін бар. Қазақстанда қасқырлар шөлейт жерлерді, далалы және таулы аймақтарды мекендейді. Елімізде қасқырлардың ең ірісі - Солтүстік қасқыры. Оның ересегінің салмағы 80 келіге дейін жетеді.


Көрнекі сурет: Reuters

Одан бөлек, Қостанай ормандарынан түлкі мен қарсақ кезіктіруге болады. Қазақстандағы қарсақтар - түршелердің ең ірісі, тері жабындысы мен құйрығы ерекше үлпілдек жүнді болып келеді.


Көрнекі сурет: elements.envato.com

Ормандарда қоян да жүреді. Онда ақ қояндар мен ор қояндар мекендейді. Ақ қояндар негізінен қалың қар түсетін, орманды жерлерде тіршілік етеді. Сондықтан оны еліміздің солтүстік өңірлерінен көптеп кездестіресіз.

Ал ор қоян - қояндардың ішіндегі ең ірісі. Қазақстанның батысы мен солтүстігінде тараған. Шөл, шөлейт, далалы жерлерді мекендейді. Іні су жағалауларында, бұталардың түбінде, орманның жиегінде болады.


Фото: naturephoto-cz.com

Бұғы тұқымдас жануарлардан Қостанай облысында елік пен киік мекен етеді. Орманды дала белдемінде елік, оңтүстіктің шөлейтті жерлерінде ақбөкендер жайылады. Қостанайда еліктің Сібір түр тармағы кездеседі. 

Қазақстанның басқа өңірлері секілді Қостанай облысында да кеміргіштер көп тараған. Оның ішінде сарышұнақтар, құмтышқан, қосаяқ көп. Орман фаунасы түрлі құстарға да бай.

Айта кетейік, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне хабарласып, Қостанайда өрт шыққан орманда қандай жануарлар мекен ететінін және олардың санын сұрадық. Жауабы дайын болғанда бұл ақпаратты бөлек береміз. 

5 қыркүйекте 13:00-дегі ақпарат бойынша, өрт сөндіру орман аймағында 5 учаскеде (Аманқарағай, Лесное, Озерное, бағаналы және Калинино ауылдары ауданында) жүргізіліп жатыр, жиегінің жалпы ұзындығы - 5 шақырым. Барлығы 91 тұрғын үй өртенген: Аманқарағай ауылында 85 және Озерный ауылында 6.

10 адам (5 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жарақат, күйік алып, жеңіл және орташа ауырлықтағы улану оқиғаларына ұшырады, 1935 жылғы туған бір адам қаза тапты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!