Қостанай облысындағы өлі киіктердің саны 10 мыңға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, киіктердің жаппай қырылған аймағында жүргізіліп жатқан мониторингтің нәтижесі бойынша, 17 мамыр күні жануарлардың жаңа өлекселері табылды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өлген киіктердің саны 10 мыңға жетті. Өлекселер жатқан аумақ 16 мың гектардан асып отыр.
"Амангелді ауданының әкімдігі аумақта төтенше жағдай жариялады. Оқиға болған жерде Қостанай облысы әкімі орынбасарының басшылығымен штаб құрылды. Оқиға орнына демалыс күндері ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Бағдат Азбаев келді. Олар киіктердің қырылу аймағын әуе көлігімен қарап жүр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін Амангелді ауданында жануарлардың қырылу себептерін анықтау және олардың өлу салдарын жоюға қатысты шараларды қабылдау мәжілісі өткізіледі. ҚР АШМ Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының ақпаратына сәйкес, киіктер пастереллез ауруынан өлген. Киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстарына ҚР АШМ аумақтық бөлімшелері мен әкімшілік қызметкерлері қатыстырылды. Бүгінгі таңда 5,3 мың киік жойылды. Киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстарына 458 адам мен 21 арнайы техника жұмылдырылды.