- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- жол апаты
Қостанай облысындағы жантүршігерлік апатта үш мұғалім қаза тапты
Қостанай облысы Қарасу ауданының аумағында болған жантүршігерлік апатта үш адам қаза тапты. Олардың үшеуі де ауыл мектептерінің мұғалімдері болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qostanai.media-ға сілтеме жасап.
35 жастағы Карина Лаврик пен 48 жастағы Луиза Ташаева бұрын Октябрьский жалпы білім беретін мектебінде жұмыс істеген.
"Қайғымызды сөзбен жеткізу қиын. Карина Сергеевна бізде 2015 жылға дейін жұмыс істеді, ал Луиза Леонидовна отбасылық жағдайына байланысты тұрғылықты мекенжайын ауыстырғанына екі-ақ жыл болды. Жаны да, өздері де сұлу әйелдер өмірден кетті. Олар өте мейірімді, керемет, сауатты мұғалімдер болатын. Әріптестері мен оқушылары арасында үлкен беделге ие болды. Олар жұмыс пен істің шеберлері, жанып тұрған бастамашыл, ұмтылысы мен құлшынысы мол жандар еді. Октябрьское ауылының білім беру мекемесі атынан отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз", - делінген мектеп ұжымының көңіл айту хабарламасында.
Ал 22 жастағы Алина Абрамова - "Әйгерім Ай" жеке мектебінде жұмыс істеген.
"Бүгін біздің ұжым терең қайғыға батты. Арамыздағы керемет адам, тамаша ұстазымыздан айырылып отырмыз. Алина бізде үш жыл ғана жұмыс істесе де, мұғалім ретінде көп жұмыс атқарып кетті. Оны ұжымда құрметтеді, балалар мен ата-аналар жақсы көрді. Ол бейнелеу өнері мұғалімі ретінде балалармен де, ата-аналармен де жұмыс істей алатын. Ол талантты балаларды анықтап, ата-аналарға өз оқушыларын жетістікке жеткізе алатынына сендіре алатын", - дейді білім беру мекемесінің басшысы Құралай Шодорова.
Зардап шеккендердің арасында 11 жасар бала мен оның анасы бар. Баланың аяқтары жоғарғы және төменгі жағынан сынып, жарақаттанған. Баланың анасының да жарақаты ауыр.
Еске салайық, 16 желтоқсанда Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тасжолында жол апаты болды.
Сағат 15:00 шамасында Қарасу ауданындағы Герцен ауылынан 10 шақырым жерде Volvo мен Toyota Alphard көліктері соқтығысты.
"Апат салдарынан үш адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, тағы үшеуі Әулиекөл аудандық ауруханасына жатқызылды", - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Зардап шеккендер Toyota Alphard көлігінде болған.
Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша тергеу амалдарын бастады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова