Қостанай облысындағы алапат орман өрт тракторшының салғырттығынан тұтанған. Әулиекөл аудандық соты 43 жастағы тұрғынға үкім шығарып, шартты түрде жаза тағайындады. Алапат өртке кінәлі адам анықталды. Ал орман шаруашылығының басшысы әлі тергеу изоляторында отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .
"Астана" телеарнасының хабарлауынша, орман өрті Қостанай облысы Әулиекөл ауданы аумағында 2022 жылғы 2 қыркүйекте тұтанып, жеті күнде толық сөндірілген. 40 мыңға жуық гектарды шарпып өткен. Аманқарағай, Лесное, Озерный секілді үш ауылдың тұрғындары зардап шекті. 91 үй өртеніп кетті. Тағы 33 үйдің қора-қопсысы мен гаражы, моншасы отқа оранды. 22 көлік, жүздеген түлік жанып кетті.
Сот өртке тракторшыны кінәлі деп үкім шығарды. 43 жастағы тракторшы жылжымалы вагонды орманға апарған. Техникасында ақау бар екенін біле тұра, қайтарда ауылға әкелмек болған. Жолда трактор мұржасынан ұшқын шығып, от тұтаныпты.
"Іс сотқа сотталушының прокурормен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісіммен келді. Сот үкімі 58-баптың 2-бөлігі негізінде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті тағайындалды. 63-бапты қолданып жаза шартты түрде деп бекітілді", - дейді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің бас маманы Ләззат Байғожина.
Орман өрті мемлекетке 18 миллиардтан астам теңге шығын келтірді. Тұрғындардың күлге айналған дүние-мүлкі 642 миллион теңге болған. Ал өртті сөндіруге бюджеттен 2 миллиард 680 миллионнан астам ақша жұмсалған.
Алапат өртке кінәлі деп танылған әлгі тракторшыға азаматтық талап, яғни шығынды өтеу міндеттелмеген. Ал "Басаман" орман шаруашылығының басшысы 5 айдан бері тергеу изоляторында отыр. Адвокатының айтуынша, денсаулығы күрт нашарлап, демікпе дертіне шалдыққан. Үй қамаққа немесе кепілмен босатуға келісім берілмей жатқан көрінеді.
"2022 жылғы 22 желтоқсанда Әулиекөл ауданында сот болған. Кінәлі адам анықталып тракторшы сотталған екен. Алайда бас прокуратура, сотқа дейінгі тергеу органдары бұл фактіні жасырды деуге болады. Барлық БАҚ-өкілдері мен арқылы білді", - дейді адвокат Сабыржан Иманов.
Өртке қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Ал тракторшының ісі ғана сотқа жетіп, үкім шыққан. Өрттен зардап шеккен тұрғындар толық өтемақы алып, баспаналы болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!