- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанай облысында үйлерді...
Қостанай облысында үйлерді қалпына келтіруге көмек көрсетіледі - ТЖ министрі
Мемлекет тарапынан Қостанай облысында орман өрті кезінде зардап шеккен үйлерді тез арада қалпына келтіруге көмек көрсетіледі. Бұл туралы ТЖМ басшысы Юрий Ильин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір арнайы комиссия Әулиекөл ауданында өрт салдарынан зардап шеккен үй иелеріне келтірілген залал мөлшерін бағалап жатыр.
"Шешім қабылданып, Мемлекет басшысы тапсырма берді. Үкімет халыққа табиғи апат салдарынан келген шығынды өтеуге қаржы бөлуді қарастырады. Қазір ең көп зардап шеккен елді мекен - Аманқарағай, онда шамамен 98 үй бар. Сондай-ақ, Озерныйда 8 үй, Лесное ауылында бір үй бар. Мемлекет тарапынан мүлікті тез арада қалпына келтіру және үй-жай салу бойынша барлық көмек көрсетіледі", - деді Ильин.
Ведомство басшысы қазір барлық күш осы елді мекендерде өрттің одан әрі таралуына жол бермей, күресіп жатқанын атап өтті. Ол жағдай бақылауда екенін айтты.
"Уақытша орналастыру бекеттеріне орналастырылған халықтың бір бөлігі туыстарына кетті, ал бір бөлігі сол жерде қалды. Тамақтану, медициналық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, психологтардың жұмысы ұйымдастырылған. Волонтерлік ұйымдар да белсенді көмек көрсетіп жатыр. Қазір зардап шеккен халық үшін қаражат пен мүлік жиналып жатыр. Сондықтан әкімдік көмек көрсетуге ниет білдірген ұйымдар мен азаматтардан мүлік пен ақшалай қаражатты халық арасында бөлу бойынша жұмыс істейді", - деп толықтырды Ильин.
Еске салайық, 3 қыркүйекте ауа температурасы 36 градус, жел екпіні секундына 23 метрге дейін болып, өрт аумағы 9 400 гектардан асқан еді. 3 қыркүйек сағат 16.00-ден бастап өрт Озерное (8 тұрғын үй, 1 әкімшілік ғимарат), Лесное (1 тұрғын үй), Аманқарағай (98 тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар) ауылдарының тұрғын үйлерін, Аманқарағай мұнай базасының аумағын шарпығаны белгілі болды. Қазір 108 ғимарат өрт салдарынан бүлінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова