Қостанай облысында түрмеге келген сәлемдеме арасынан күтпеген зат шықты

Қостанай облысында түрмеге келген сәлемдеме арасынан күтпеген зат шықты
Фото: Polisia.kz

Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №38 мекемесінде тыйым салынған затты мекемеге жасырын жолмен өткізбек болған адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сәлемдемелерді тексеру барысында мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сотталған адамға арналған нанның ішіне жасырылған ұялы телефонды анықтап, тәркіледі.

Еске салайық, бұған дейін мұндай жайт Өскемен қаласында болды. Түрмеге сәлемдеме ретінде әкелінген кәмпиттің ішінен күтпеген зат шыққан. 

Яғни сотталғандардың біріне жіберілген сәлемдемені тексеру кезінде мекеме қызметкерлері "тосынсыйға" куә болды, кәмпит пен басқа да азық-түлік өнімдерінің арасына жасырылған есірткі табылды. 

Сәлемдеме сырттай қарағанда ешқандай күдік тудырмайды. Себебі ішінде кәдімгі тәттілер болды: кәмпит, круассан, құрма, сондай-ақ дымқыл майлықтар. Алайда ҚР ІІМ Ұлттық ұлан және облыстық ҚАЖД-ға қарасты түзеу мекемесі қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсібилігі шешуші рөл атқарды.

Пакетті мұқият тексеру кезінде өнімдердің ішінен ұнтақты заттың 12 пакеті табылған. Бұл әрекетті жасаған адам - сотталушының танысы, Алматы қаласының тұрғыны екен. Ол күзетшілерді алдап, есірткіні азық-түлік ретінде бүркемелеу арқылы беруге тырысты.

Сөмкелерде ерекше иісі бар қою жасыл түсті зат болды, бұл бақылаушылардың назарын бірден аударды. Күмәнді заттар бірден тәркіленіп, химиялық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижелері бойынша заттың нақты шығу тегі мен құрамы анықталады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина