Қостанай облысының білім басқармасы өкілдері Құсмұрындағы оқушының соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді. Соққы жеген 10-сынып оқушысына психологиялық көмек көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Білім саласының қызметкерлері 15 жастағы мектеп оқушысының соққыға жығылғанын растады. Оқиға Әулиекөл ауданы Құсмұрын ауылындағы №2 мектеп оқушылары арасындағы жанжал салдарынан болған.
"Қазір зардап шеккен оқушы облыстық балалар ауруханасында жатыр, оның жағдайы тұрақты. Оған психологиялық көмек көрсетіледі. Осы оқиғаға қатысты полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, жанжал заңды түрде шешіледі. Барлық мән-жайды зерттеп, шешім шығарылады. Мектеп қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады", - деді Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.
15 жастағы жасөспірім түрлі дене жарақаттарымен облыстық балалар ауруханасына түсті.
"Шағымдары - есін жоғалту, жүрек айнуы, құсу. Түскен кезде компьютерлік томография және бас сүйегінің рентгенографиясы жасалып, нейрохирург пен ЛОР дәрігерінің кеңесі алынды", - деді дәрігерлер.
Еске салайық, 10-сынып оқушысы мектептен ақша бопсалады деген тағы бір жоғары сынып оқушысымен жанжалдасып, соққыға жығылған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!