Қостанай облысының Тобыл қаласында тұратын ерлі-зайыпты Дәндібаевтар 2 неміс, 3 орыс баласын панасына алып, асырап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың барлығы қазақ мектебінде оқиды. Таза қазақша сөйлейді. Дәндібаевтар - ата-ана қамқорлығынсыз қалған жәудір-көздерді ұлтына қарамай, бауырына басқан аяулы жандар.
Ердәулет пен Данагүлдің кіндігінен тараған жалғыз Әйгерім деген қызы бар. Ұрпағымыз жалғыз болмасын деп екеуі жетімдер үйінен бала асырап алуға бел буады. Сол жерде әбден әлсіреп, құр сүлдері қалған апалы-сіңілі 2 бүлдіршінді көргенде Данагүлдің жүрегі қан жылап, бірден бауырына басады. Сонда біреуі 1 жаста, екіншісі 2-де ғана екен.
"Сүйек пен тері ғана қалған да, енді адам аярлықтай нәрсе, осы заманда аш қалған балалар десем артық айтқан емес шығар. Сондай аянышты күйде келді. Аяқ-қолы тұрмайды. Ешқандай эмоция жоқ, қуаныштың эмоциясы, жылаудың эмоциясы жоқ. Қалай тастасаң, солай жата береді", - дейді Тобыл қаласының тұрғыны Данагүл Дәндібаева.
Арада 3 жыл өткенде жетімдер үйінен тағы хабар келіп жетеді. Ресейден келген бір әйел 3 баласын тастап кетіпті. Соларды қамқорлықтарыңа аласыздар ма деген өтініш айтылады. Бұлар тағы тастандылар тағдырынан сырт қала алмайды.
"Бізді көргенде Айсара жылап, "домой хочу" деп, ол кезде орыс тілді бала ғой бәрі де, өзге ұлттың өкілдері ғой. Ондайда қалай шыдап тұрасың? Сосын жолдасым екеуміз тағы да шешім қабылдап, 2 баланың үстіне 3 балаға да табылады орын деп", - дейді Данагүл Дәндібаева.
Балалар қазақы дәстүрде тәрбиеленеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет – бұл отбасының бұлжымас қағидасы. Жалғыз ер бала болғандықтан, Сағадат үнемі әкесінің қасында, өзін отбасы үшін жауапты санайды екен.
"Мен жұмыстамын ғой, менің жұмысым 15 күн жұмыста сыртта жүремін, 15 күн үйдемін. Вахтаға кеткенде үйде өзі қожайын, сонда айтады дейді, мен үйдің иесімін деп. Бәріне мені тыңдаңдар деп", - дейді Ердәулет Дәндібаев.
Отағасы болашақта қабылет-қарымына қарай баларды спорт секциясына, өнер үйрімесіне берсем дейді. Әзірге олар әкелерімен үнемі үйде жаттығады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!