22 қазанда Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Қыркүйекте тілсіз жаудың кесірінен 100-ден аса тұрғынның үйі жанып кетті. Бір жарым айдың ішінде құрылыс жұмыстары аяқталып, әр отбасы қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды.
Елдімекен тұрғыны Орынбасар Молдақыш орман өртінен 18 жыл тұрған үйінен айырылған. Сол күні 17 жастағы немересі Замира үйде жалғыз қалған. Ал өздері қалаға шаруамен кеткен екен. Жайсыз жайтты естіген олар бірден жолға шыққан. Келгенінде үйдің қабырғасы ғана қалған.
"Ел басына күн туғанда Президент Әулиекөл жұртын жалғыз қалдырмады. Арнайы сапармен келіп, зардап шеккен халықпен жолықты. 2 айдың ішінде жаңа үй тұрғызып, барлық шығынды жабамыз деп уәде етті. Берілген уәде орындалды. Бір жарым айда аудан орталығының іргесінен жаңа қалашық бой көтеріп, тұрғындарға жаңа қоныстың кілті Республика күніне қарсы табысталды", - деді Бірлік шағынауданының тұрғыны Орынбасар Молдақыш.
Қостанай облысы әкімі бұл жағдайға пікір білдірді.
"Әр тұрғын үйдің ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Жарық әрі кең 4 бөлмесі бар. Бірден жылу мен су тартылған. Көшеге тегіс асфальт төселіп, жарық та қойылды. Ендігіде тұрғындар келер жылды жаңа үйде қарсы алмақ", - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!