- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанай облысында мас...
Қостанай облысында мас жүргізуші полицейлерге қару қолданған
Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне қару қолданған мас жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысы полиция департаменті оқиғаның мән-жайын хабарлады.
12 қарашада Қарабалық ауданында полиция қызметкерлері сағат 21:00-де Алматы – Екатеринбург автожолында, Приуральск кентінің аумағында габариттік шамдарын қоспай жүріп келе жатқан УАЗ автокөлігін байқаған. Жүргізушінің мінез-құлқы полиция қызметкерлеріне күдік тудырған. Полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші жауап бермеді және рөлді басқара алмай, кюветке шығып кеткен. Сондақ-ақ жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет қарумен оқ атқан. Көлікті тастап, жүргізуші оқиға орнынан қашып, қаруды өзімен бірге алып кеткен. Аудан аумағында "Сирена" жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтерілді.
Қостанай облысы полиция департаменті арнайы бөлімшесінің қатысуымен өткен іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді.
Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сол күні қылмыскер күдікті деп танылып, Қарабалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлер ұсталған адам бұрын тәртіп сақшыларының көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын ескермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан