Қостанай облысында полиция жол жиегіне түсіп кеткен 9 көлікті шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қостанай қаласында, сондай-ақ, Қостанай, Меңдіқара және Фёдоров аудандарында таңертеңнен бастап қар аралас жаңбыр жауды. Күн бұзылуы жол апаттарына себеп болды.
"Ауа райы нашарлауына байланысты патрульдік полиция күшейтілген қызмет тәртібіне көшті. Қарабалық ауданына бағытталған Қостанай - Алматы - Екатеринбург республикалық тасжолына ерекше назар аударылды. Таңғы сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін жол шетіндегі сайдан тоғыз көлік шығарылды", - деді полиция.
Мәселен жолдың бір учаскесінде Alphard және Volkswagen көліктерінің жүргізушілері тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен.
Бұдан бөлек ІІМ өкілдері қатты жел кезінде көліктерді ағаштарға жақын қоймауға шақырды. Тек бүгіннің өзінде полицияға осындай 10 хабарлама түскен. Мысалы Абай даңғылындағы тұрғын үй ауласында Exeed маркалы көлікке ағаш құлаған. Осыған ұқсас жағдай Павлов көшесінде де болып, JAC көлігіне зиян келтірген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!