Қостанай облысында жөнделген жол сапасы дұрыс тексерілмеген

Қостанай облысында жөнделген жол сапасы дұрыс тексерілмеген
Фото: depositphotos.com

Қостанай облысының автожол саласында жемқорлық тәуекелдері анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істің мән-жайы

Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жұмыстардың құнын негізсіз көтеру дерегі анықталды.

Мәселен, әкімдіктер ағымдағы және орташа жөндеу бойынша сметаға жоба сомасының 2 пайыз мөлшерінде шығыстарды енгізген. Бұл ретте заңнамада мұндай шығындар көзделмеген.

Нәтижесінде, жолдарды жөндеу құны 840 миллион теңгеге өсті.

Сонымен қатар сметаны қалыптастыру кезінде сметалық пайданы есептеу бойынша енгізілген өзгерістер ескерілмеген. Жобалардың қымбаттауына әкелген 8 пайыздық ескі норматив қолданылған (жаңа 5 пайыз).

Мониторинг нәтижесінде, мердігер орындаған жұмыстардың сапасын бақылау жолдардың кейбір учаскелерінде ғана жүргізілген. Әкімдіктер зертханалық зерттеулерден қандай жолдар өтетінін өздері таңдаған.

Нәтижесінде жыл сайын жөнделетін учаскелердің 20-30 пайызын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы тексермеген.

Мысалы, Меңдіқара ауданында Боровская-Ұзынағаш жолының 3 шақырымында ғана сынақ жүргізілген, оның ұзындығы - 28 шақырым.

Талдау қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі шарттардың талаптарын қайта қарап, күтпеген шығыстар алынып тасталды, сондай-ақ мердігер ұйымдар 32 миллион теңге көлемінде негізсіз алынған қаражатты өтеді. 2025 жылы жөнделетін жолдарды сараптамамен толық қамту жоспарланған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек