Қостанай облысында жоғалған 46 жастағы ер адам аман табылды

Қостанай облысында жоғалған 46 жастағы ер адам аман табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін құтқарушылар 21 қарашада Жангелдин ауданында жоғалып кеткен 46 жастағы ер адамды тапты. Ол мал іздеу үшін мотоциклмен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Телефонының болмауы іздестіру жұмыстарын айтарлықтай қиындатты.

Іздестіру жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары мен күштері жұмылдырылды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары да қатысты. Іздеу-құтқару тобының жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында ер адам аман-есен табылды.

ТЖМ-нің қызметкерлері азаматты Жангелдин ауданы Шилі ауылынан 35 шақырым қашықта, Ақжар елді мекенінің маңындағы ашық далада тапты.

Ер адамның денсаулығына қауіп жоқ, медициналық көмекті қажет етпейді.

ТЖМ шалғай аймақтарға шыққанда, жақындарыңызға өз бағытыңызды және қайту уақытыңызды міндетті түрде хабарлауды ескертті. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!