Қостанай облысында жаппай қырылған киіктердің саны 2584 басқа жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірлік ТЖД-ға сілтеме жасап. Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, мерт болған тағы 710 жануарды құтқарушылар 17 мамырда тапқан. Айта кетейік, Жалоба аумағындағы киіктер 11 мамырдан бастап жаппай қырылып жатыр.
Оқиға орнында тәулік бойы аудандық ІІБ мен Аманкелді аудандық "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты жұмыс істеп жатыр. Мерт болған жабайы жануарларды жинау мен жою жұмыстары қолға алынды.
13 мамырда Қостанай облысында жаппай қырылған киіктер санының мыңнан асқаны белгілі болды. Мамандар су, топырақ және биологиялық материалдардың сынамаларын алып жатыр. Бұған дейін жануарлардан патматериалдар алынып, республикалық ветеринариялық зертханаға жолданды. Алдын ала нәтижелер 20 мамырға дейін жарияланады.
Нақты себептер әзірше белгісіз, бірақ мамандар киіктердің жаппай қырылуының себебі көтеремдік болуы мүмкін екенін айтты. 2014 жыл құрғақ болды, сондықтан бұл өңірде шөптің жетіспеушілігі байқалады. Киіктердің жаппай қырылу дерегі аймақта соңғы рет Жангелді ауданында 2012 жылдың маусым айында тіркелген. Ол кезде 926 киік пастереллез жұқпалы ауруынан мерт болған.