Қостанай облысында жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған ер адам видеоға түсіп қалды

Фото: Видео кадры

Қостанай облысында пышақ ұстаған ер адам жанармай құю бекетінде қарақшылық шабуыл жасады. Ол операторды қорқытып, ақшаны алып, қашып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Әулиекөл ауданында болған. Қалпақ киген бейтаныс ер адам өзінің кім екенін жасыру үшін бетін мойынорағышпен бүркеп, операторды пышақпен қорқытып, одан ақша талап еткен.

Әйел оған 33 мың теңге берген.

"Полиция қызметкерлері күдіктіні дереу ұстады. Ол 41 жастағы тұрғын болып шықты. Қарақшылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді. Оның мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деп хабарлады полиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан