Қостанай облысында әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратумен айналысқан арна анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдіктілер 2024 жылғы мамырдан бастап Thс Seller атауымен Telegram арнасында интернет дүкен ұйымдастырып, есірткі сатқан.
Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданған. Тінту барысында 30 келіден аса марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленген.
"Интернет дүкеннің 2 мыңнан аса тұтынушысы болған және 100 миллион теңгеден аса сомаға 5 мыңнан аса есірткі саудасы жүргізілген. Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру мақсатында күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроптарды, яғни жалған тұлғаларды тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, сол карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған", - деп жазылған хабарламада.
Есірткі тасымалы үшін күдіктілер қылмыстық табыстың есебінен 2 көлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген.
Сот санкциясымен бұл көліктерге тыйым салынды. Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова