Қостанай облысының екі тұрғыны лицензиясыз заңсыз микроқаржы қызметін жүргізгені және қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастырғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Схема қалай жүзеге асқан?
Тергеу дерегіне қарағанда, олар 2024-2025 жылдары өздеріне бағынышты төрт компанияның - "Союз-Костанай" ЖШС, "Экспресс Тенге" ЖШС, Express Gold ЖШС және Express.com ЖШС-ның жұмысын ұйымдастырған. Бұл желі негізінен облыстың аудан орталықтары мен кенттерінде жұмыс істеген.
Клиенттерге банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына жүгінбей, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып, ақша алу ұсынылған. Комиссиялық сауда деген желеумен мүлкін кепілге қою арқылы азаматтарға ақша берілген. Берілген ақшаны пайдаланғаны үшін күн сайын 0,4 пайыз мөлшерінде сыйақы есептелген. Алайда клиенттермен арада жазбаша қарыз шарттары жасалмаған. Мәмілелерді заңды комиссиялық қызмет ретінде көрсету үшін бірқатар құжат рәсімделген.
Екі жыл ішінде олардың қызметін 1 600-ден аса азамат пайдаланған. Заңсыз қызметтен түскен кіріс 579 миллион теңгеден асқан.
Сот үкімі
Сот мүлкін тәркілей отырып, екеуін де 2 жылға бас бостандығынан айырды. Тәркіленген мүліктің қатарында бес пәтер, үш көлік және екі жер телімі бар.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова