Қостанай облысындағы Тасты ауылдық округіндегі Қарынсалды ауылында үш бала және олардың атасы иіс тиіп уланып қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 17 қарашада болған. Екі, үш және 8 жастағы үш бала мен олардың 67 жастағы аталары қайтыс болған.
Балалардың әкесі мен анасы және төрт жасар бала Арқалықтағы ауруханаға жеткізілген. "Тоболинфо" мәліметінше, олар аз қамтылған отбасына жатады. Әкелері жергілікті мектепте өртсөндіруші болып жұмыс істейді екен.
Еске салайық, 17 қарашада бұдан бөлек тағы екі қайғылы оқиға болған еді. Ақмола облысындағы бұрынғы мешітте газ жарылып, үш адам қаза тапты. Тағы 17 адам Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен 7 адам жансақтау бөлімінде, тағы 7 адам Астана қаласындағы №1 қалалық аурухананың политравматология, эндопротездеу және комбустиология бөліміне орналастырылды. Алдын ала диагноз - әртүрлі дәрежедегі термиялық жалын күйік.
Сонымен қатар Астанада жеке екі қабатты үйде өрт шығып, төрт бала қаза тапты. 17 қараша күні таңертең екі қабатты жеке үйдің шатыры өртеніп, содан кейін ішінара құлаған.
Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін 6 минутта жетіп, ашық жануды байқаған. Өрт 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты.
Себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында өрт зерттеу зертханасы жұмыс істеуде, қаза тапқандардың жақындарына Апаттар медицинасы орталығының және Астана қаласы ТЖД психологтары көмек көрсетіп жатыр.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!