Қостанай облысында білім беру ұйымдарының 17 басшысы жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицейлер өңірдегі мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін тексеріп жүр. ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі аға жедел уәкілі Амангелді Бапиновтың айтуынша, дәл осы нысандар террористік тұрғыдан осал объектілер тізіміне енгізілген. Оларға мектепке дейінгі мекемелер, колледждер, жоғары оқу орындары және қосымша білім беру ұйымдары кіреді.
Айта кетейік, Қостанай облысының аумағында осы санаттың тізімінде 506 нысан бар. Жоғарыда аталған объектілердің терроризмге қарсы қорғалу талаптарына мыналар жатады: нысандар аумағында өткізу режимін қамтамасыз ету, инженерлік-техникалық құралдармен, оның ішінде бейнебақылау және хабарлау жүйелерімен жарақтандыру, сондай-ақ террористік қатерлер кезіндегі іс-қимылдар бойынша жұмысшылар және оқушылармен оқу іс-шараларын ұйымдастыру.
Одан бөлек, барлық оқу орындары дабыл батырмаларымен жабдықталуда және бейнежазбаны жедел басқару орталықтарына, сондай-ақ полицияның кезекші бөлімдеріне беруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген талаптарға қосымша қалаларда, аудан орталықтарында орналасқан және саны 700-ден астам оқушы мен персоналы бар білім беру объектілері бақылау және басқару жүйелерімен жарақтандырылуда. Сонымен қатар нысандардың бұл санатында жеке лицензияланған күзет болуы керек.
Бүгінгі күні 321 білім мекемесінің камералары жедел басқару орталығына және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. 325 дабыл батырмалары орнатылған. 205 нысанда турникеттер бар. 189 білім беру нысанында лицензияланған күзет қызмет жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 107 мектептің бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу және 93 мектепте дабыл батырмаларын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!