Қостанай облысында да ауылды су басып, 20-ға жуық тұрғын эвакуацияланды

Қостанай облысы Қарасу ауданындағы Қарамырза ауылының тұрғындары су тасқыны салдарынан эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 2023 жылғы 4 сәуірде қардың көп мөлшерде еруіне және Қарасу ауданындағы Тімтуір өзенінің тасуына байланысты ауылды су басқан.

12 тұрғын үй және 40 ауланы су басқан.

"Набережная көшесіндегі тұрғын үйлерден авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу барысында 15 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды және олардың қалауы бойынша туыстарына орналастырылды, ірі және ұсақ мал қауіпсіз орындарға айдалды. 552 адам тұратын ауыл тұрғындарына су тасқыны қаупі туралы алдын ала хабарланды", - делінген жазбада.

Ауыл әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің басшылығымен жедел штаб ашылды. Департамент қызметкерлері қажет болған жағдайда халыққа, оның ішінде психологиялық көмек көрсету үшін аулаларды аралауды ұйымдастырды. Төтенше жағдай департаментінде жедел желі телефоны ашылды: 8 714 2 50 36 24.

 

Жергілікті жерде ТЖД, жергілікті атқарушы органдар мен полицияның күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр, құрамында 36 адам және 13 бірлік техника, 3 жүзу құралдары, 14 бірлік мотопомпалар, 1 дрон бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!