Қостанай облысында ауданның бұрынғы әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, бұл іске бірнеше адамның қатысы бар, олардың барлығы пара беріп, алды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ТоболИнфо" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Қарасу ауданының бұрынғы әкімі кінәсін мойындап, процестік келісімге келуге дайын.
Еске салайық, шенеунік 2024 жылғы наурызда қызметінен кеткен. Экс-әкімге қатысты тергеу жүріп жатқаны белгілі болды.
"Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қарасу ауданы әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігі, 368-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. күдіктілердің ішінде В.Н. Радченко бар", - делінген жауапта.
Басылым мәліметінше, әңгіме жол жөндеумен айналысатын компаниядан пара алу туралы болып жатыр.
Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Бекбосынов әкім кінәні мойындау туралы мәмілеге келіссе, жауапкершіліктен құтыла ала ма деген сұраққа жауап берді.
"Кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісімнің жасалуы қылмыстық істі сотқа жіберуге кедергі келтірмейді. Керісінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 617-бабына сәйкес, процестік келісім жасалғаннан кейін қылмыстық іс дереу сотқа жіберіледі", - деп түсіндірді Бауыржан Бекбосынов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!