Қостанай облысында Амангелді ауылының тұрғындары елді мекен тұтастай суға кеткенін айтып шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олардың сөзінше, төтенше жағдай қызметі барынша күшейтілген режимде жұмыс істегенімен су тасқынынан ауылды құтқару мүмкін болмай отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су тасқынының алғашқы толқыны 25 наурызда басталған. Ал 27 наурызда Амангелді ауылы түгелдей су астында қалған.
"Су үйлердің ішіне дейін кіріп кетті. Ауылдағы малдың бәрі суда қалды. Ұсақ қозы-лақтар суға кетіп өліп жатыр. Халық қазір дүрбелең халде. Билік су тасқынына қарсы қауқар істей алар емес. Басты көшелердің бірі Сейфуллин көшесі толықтай суда тұр. Мұнда екі бірдей мектеп орналасқан", - дейді тұрғындар.
Өңірдің ТЖД мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың күштері, құралдарымен бірге Жангелді және Амангелді аудандарында, Арқалық және Жітіқара қалаларында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 21 мың текше метрден аса еріген су сорылған, оның ішінде Арқалықтан 6848 текше метр, Амангелді ауданынан 4210 текше метр, Жангелді ауданы 10101 текше метр. 5 метр жағалауға құм толтырылған 140 қап төселген.
Күштер мен құралдардан барлығы 642 адам, 272 техника, 75 мотопомпалар тартылған.
"Әуе маршымен Арқалық қаласындағы Сарыбас қыстауынан 3 адам, Жұман қыстауынан 21 адам, оның ішінде 11 бала қайықпен эвакуацияланды. Қазір Арқалық қаласындағы 4 қыстауда 15 адамды әуе көлігімен көшіру қажет. Сары - Торғай өзеніндегі су деңгейі көтерілуіне байланысты Қызылжұлдыз ауылы Қайынды ауылдық округінен 100 тұрғын (ең алдымен әйелдер мен балалар) эвакуацияланып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Абзал Алпысбайұлы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!