- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қостанай облысында алаяқтық...
Қостанай облысында алаяқтық жасады деп айыпталған азамат ақталып шықты
Бас Прокурордың наразылығымен 1 азамат ақталып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Қостанай облысы Алтынсарин аудандық сотының апелляциялық сот алқасы өзгеріссіз қалдырған үкімімен Кенжеғарин ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігі бойынша алаяқтық жасағаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.
Атап айтқанда, Кенжеғарин Қостанай облысы Алтынсарин ауданының заңдастыру комиссиясына құжаттарын тапсырып, Малая Чураковка ауылында орналасқан пәтерді заңдастырып, тіркеуге алған. Кейін заңдастыру туралы шешім Қостанай облысының апелляциялық сотымен заңсыз деп танылды, өйткені Кенжеғарин комиссияға пәтерді сатып алу туралы жалған ақпарат берген.
Аталған сот шешімі Кенжегаринді алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болған. Ал шын мәнінде, іс бойынша жауап алынған куәлар пәтерді 1997 жылы бұрынғы иесі Кенжеғаринге 100 мың теңгеге сатқанын растаған. Кенжеғарин куәлардың көзінше ақшаны қолхатсыз тапсырған.
Сатушыда пәтердің өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттары болмаған, өйткені ол да оны бұрынғы меншік иесімен ауызша келісім негізінде алған. Мұндай жағдайда Кенжеғарин азаматтық сотқа шағымдану арқылы мәмілені орындалды деп тану арқылы пәтер иесімен мәселені шешуі керек еді.
Осылайша, Кенжеғариннің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, өйткені оның алаяқтық ниеті болмаған. Жоғарғы сот Бас прокурордың Кенжеғарин мен пәтер сатушысы арасында азаматтық-құқықтық қатынастар туындағаны, ол қылмыстық қудалауды болдырмайды деген наразылық уәждерімен келісті.
Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы Сот Кенжеғаринді ақтады. Жалпы, бірінші жартыжылдықта Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша 4 адам ақталған. Сондай-ақ жазаны жеңілдету, әрекеттерді қайта саралау, түзеу мекемесінің режимін жеңілдету арқылы 82 адамның жағдайы жақсарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина