- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қостанай мен Түркістан...
"Қостанай мен Түркістан бағытындағы пойызға көп шағым түседі" - Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ераман Талапқанұлы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелден келген жолаушылар неге тексерілетінін, пойызда тазалық сақталмаса, не істеу керектігін, санитарлық талапты сақтамаған компаниялар қалай тексерілетінін, оларға қанша айыппұл салынғанын айтып, пойызда болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
© Сурет: Massaget.kz
- Биыл 2 тамызда Өскемен – Алматы бағытындағы пойызда 74 жастағы зейнеткердің көз жұмғаны туралы ақпарат жарияланды. Марқұм созылмалы аурумен ауырып, пойызда ауа жетпей қайтыс болыпты. Бұл қайғылы жағдайдан басқарманың хабары ма? Осы пойызда санитарлық тексеріс жүргізілді ме?
- Өте өкінішті, осы жағдайдан кейін департаментке дереу жолаушыларды тасымалдаушыға (компанияға) хат жолданып, тиісті тапсырма берілді. Пойызда болған қайғылы жағдай туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде жарияланды. Алайда департаментке марқұмның туыстарынан арыз түспеді. Егер арыз түссе, кезектен тыс тексерісті жүргіземіз. Осыған қарамастан бұл жағдай департаменттің бақылауында. Мендегі ақпаратқа сәйкес, медициналық сараптаманың қорытындысы әлі шықпаған.
- Жалпы сіздерге жолаушылардан шағым жиі түсе ме?
- Қазақстандықтар көбінесе шағымды әлеуметтік желіде жазады. Енді департаментке шағымданып, арыз жазатындар өте сирек. Мысалы, 2023 жылы бізге 15 шағым, биыл 7 шағым түсті. Алайда арыз қалдырған азаматтар нақты дәлелдерді бізге жібермей жататын кездер болады. Мысалы, вагонның іші лас дейік. Азамат бізге шағым түсіргенімен фото, видео болмаса, бұл шағымды тіркей алмаймыз.
Жалпы азаматтар арызын eOtinish арқылы жібере алады немесе департаменттің "Сенім телефонына" + 7 717 2 74 18 21, 94 21 62 хабарласуға мүмкіндігі бар. Онда нақты дәлдер болса, материал прокуратураға жолданады. Құзырлы орган істі тіркейді. Осы процедура толық аяқталған соң департамент кезектен тыс тексеріс жүргізе алады. Егер сіз жіберген арызда нақты дәлелдер болмаса, біз оны қарастыра алмаймыз.
- Тексеріс деп қалдыңыз. Жоспарлы және кезектен тыс тексеріс нәтижесін бере ме?
- Жоспарлы тексеріс кезінде тасымалдаушылар вагондарды тазалап, қыздың жиған жүгіндей жинап қояды. Былтыр 12 жолаушы пойызына тексеріс жүргізілді. Бұл пойыздарға 5 тасымалдаушы компания жауап береді. Тексеріс барысында 3 компания санитарлық талапты сақтамағаны анықталды. Оларға жалпы 15 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Биыл жолаушы пойыздарына 3 тексеріс жүргізілді. Санитарлық талапты сақтамаған компанияға шамамен 3 миллион теңге айыппұл салынды.
- Санитарлық талапты жиі бұзатын тасымалдаушылардың тізімі бар ма?
- Заңға сәйкес, жолаушыларға қызмет көрсететін компаниялардың атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Елімізде 14-ке жуық тасымалдаушы бар. Оның ішінде ең ірі компания – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қарасты "Жолаушылар тасымалы" АҚ. Әлеуметтік желілерден Қостанай мен Түркістан бағытындағы пойызға көп шағым түседі. Бұл – менің жеке пікірім.
- Департамент жолаушылардың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қалай қорғап жүр?
- Департамент бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біз жолаушыларды тасымалдайтын көліктерді: пойыздар, ұшақтар, кемелердегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бақылаймыз. Мысалы, жолаушылар отырған вагонның тазалығы, жеткілікті деңгейде салқын болуы, ауаның сүзгіленуі, су сапасы және тағы басқа. Бұдан бөлек, департаменттің құзыретіне шекарадағы санитариялық-карантиндік қорғау кіреді. Мысалы, әр әуежайдың кіреберісіне термометрия қойылған. Оның көмегімен шетелден ұшып келген барлық азаматтың дене темперетурасы тексеріледі. Жолаушының температурасы шамадан тыс жоғары адам болса, департамент мамандары сынама алады. Егер адамнан инфекция анықталса, дәрігер шақырылады. Жыл басынан бері елімізде осындай 36 дерек тіркелді. Барлық адамда жоғары температура болған. Тексеріс барысында белгілі болған ең қауіпті ауру - тырысқақ. Биыл осы ауруды жұқтырудың 3 дерегі тіркелді. Науқастардың 2-еуі Ресей азаматы, 1-еуі Қырғызстан азаматы. Жолаушылардың барлығы Үндістаннан келген. Тіркелген жағдайға қатысты жолаушылар оқшауланып, сынамалар алынды. Осыған ұқсас жағдай 2017 жылы болған еді.
Сұқбатыңызға рақмет!
Н. Ынтымақұлы