Kostanay Invest 2018: қандай инвестициялық жобалар іске асады?

Kostanay Invest 2018: қандай инвестициялық жобалар іске асады?
Фото: kostanay-invest2018.kz

12 қазан күні Қостанай қаласында «Kostanay Invest 2018» атты өңірлік инвестициялық форум өтті. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып жатқан форумның мақсаты –  инвестиция сарапшыларының қатысуымен өңір экономикасының басты салаларының дамуын, инвесторларды тарту тетіктерін және моноқалаларды дамыту мәселелерін талқылап, өңірдің экспорттық әлеуетін ашу, шетелдік инвестицияларды тарту кезінде стратегиялық маңызды құралдарды қолдану мүмкіндіктерін талқыға салу.

Форум "Қостанай облысының инвестициялық стратегиясы: дүниежүзілік тенденциялар, озық тәжірибе мен даму келешегі" атты пленарлық отырыстан басталып, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Жалпы сомасы 251 миллиард теңге болатын 19 меморандум өңірдің экономикалық, индустриялық дамуына ықпал ететін болады. Архимед Мұхамбетов инвестицияларды тарту саласындағы ең өзекті мәселелерді барлық мүдделі тараптардың қатысуымен талқылауды ұсынды. Ол халықаралық форумның аймақ үшін қаншалықты маңызды екенін былай түсіндірді:

"Осымен екінші рет өтіп жатқан бұл форум Қостанай облысына инвестиция салу мүмкіндіктеріне арналған тиімді алаң ретінде танылды. Былтыр 28 инвестжоба мақұлданды. Инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлармен ашық диалог құру, инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіру – мұның бәрі Қостанай облысы әкімдігінің қызметінде басымдық берілген бағыттар. Өздеріңізге мәлім, қазір біздегі индустриялық аймақ жақсы қарқын алды. 11 ірі жобамыз бар. Оның 4-еуі биыл жүзеге асады", – деді облыс әкімі.

Форумда инвестициялық тартымдылықты жақсарту және күштерді біріктіру бойынша әкімдік пен инвесторлар арасында екіжақты мынадай ірі жобалар іске аспақ:

– Қостанай облысы әкімдігі мен "AYTEI GROUP" Холдингтік компаниясы" ЖШС облыста тас кесу және өңдеумен, үстелдің үстіңгі тақтайын, ванна бөлмесіне арналған қолжуғыштарды, әрлеуге арналған плиткаларды жасап шығарумен айналысатын зауытты салу. Жоба құны – 7 млрд теңге;

– Қостанай облысы және "Bio Grain" ЖШС арасында Қостанай облысы аумағында дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған хабты салу. Жоба құны – 111 млрд теңге;

– "Беларус" тракторларын құрастыру үшін облыс әкімдігі мен "Композит Групп" холдингі арасындағы келісім.

"Қостанай облысына салынатын инвестициялар көлемі екі есе өсті. Қазір құны 2 триллион 200 миллиард теңге 40 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр, оның ішіндегі 13-і шетелдік инвесторлар жобасы", – деді облыс әкімі.

Форумның ресми бөлімі аяқталған соң "Дөңгелек үстелдер" сессиялық блогы басталды. Әр дөңгелек үстелдің негізгі өзегі мен талқылау аясы инвестициялық стратегия, салалық индустрия мен моноқалалар сияқты маңызды инвест-тақырыптарды қамтыды. Қазақстаннан және шетелдерден келген ұлттық компания басшыларының, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдерінің, даму институттарының, халықаралық қаржы институттары мен компаниялары өкілдері мына тақырыптар бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды:

– "Шетелдік және отандық инвесторлар үшін ауыл шарушылығындағы аймақтың жаңа мүмкіндіктері: цифрландыру, ірі жобалар";

– "Аймақтың негізгі салаларын дамытудың инвестициялық әлеуеті: ірі жобалар, 4.0. Индустриясы, аймақтың инвестициялық дамуы";

– "Моноқалалардың дамуына инвестицияларды тарту: даму мәселесі, сарапшылық ой-пікірлер, моноқалаларды дамытудың табысты үлгілері."

Былтырғы инвестициялық форумда құны 200 миллиард теңгелік 26 меморандумға қол қойылған еді. Форум қорытындысы бойынша, 2 мыңнан аса жұмыс орнын қамтитын инвестициялық 20-дан аса шартқа жасалды. Оның ішінде Қостанай облыстық әкімдігі және Азия даму банкі, "Отбасы" АгропромХолдинг" ЖШС, "Global Gas Group" ЖШС, "JV MAN Auto-Uzbekistan" ЖШҚ БК, Польша-Қазақстан ауылшаруашылық кластері, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту Қоры" АҚ арасында меморандумдар, сонымен қатар "Тобол" Әлеуметтік-өндірістік корпорациясы" АҚ және "Завод "Век" ЖШҚ арасында құрылтай шарты, "Нұрлы жер" және Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының аясында Қостанай облысының кәсіпкерлері мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту Қоры" АҚ және екінші деңгей банктері арасында кепілдік шарттары, субсидия шарттары, несиелік келсімдер, өзара келісім жайындағы басқа да құжаттарға қол қойылды.

Massaget.kz