Қосшы қаласы прокуратурасы мемлекетке құны 120 миллион теңге болатын жер учаскесін қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақмола облысы прокуратурасына баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала прокуратурасы жер заңнамасының қолданылуын қарастыру барысында коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел заңбұзушылықтар кеткенін анықтаған.
"Қосшы ауылдық округі әкімі өкімімен 2016 жылғы тамызда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (бұдан әрі - ЖШС) ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілді. Осы өкім негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды", - делінген хабарламада.
Кейін жалдау мерзімі бірнеше рет ұзарған. Алайда 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін көздеген мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған іс-қимыл жасамаған. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуы керек болған.
Кадастрлық құны 65 миллион теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және инвестиция тарта алады. Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 миллион теңгеге сатқанынан байқауға болады.
Алайда қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұзып, яғни сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтаған.
Прокуратура ұсынысы бойынша Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы арыз берген.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының былтырғы 11 қарашадағы шешімі бойынша департаменттің талаптары қанағаттандырылып, жер мемлекетке қайтарылатын болған.
Бұл шешім 16 ақпанда заңды күшіне енген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!